Петропавлда бір мектептің 11 түлегі - Алтын белгіге» үміткер
25-ші мамыр күні соңғы қоңырау үні №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде де естілді. Аталған білім ұясын 121 оқушы тәмамдады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгін №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенін 121 түлек тәмамдады. Кеше ғана олар партаның қасында отырып, мектеп табалдырығын аттаған еді. Енді балғын балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
Петропавлда бір мектептің 11 түлегі — Алтын белгіге» үміткер
«Мектеп бітіріп жатқан түлектің 11-і – “Алтын белгіге”, 8-і – қызыл аттестатқа үміткер. Қазіргі таңда мектепте 2 мыңға жуық бала білім алады. Оларға 150 ұстаз тәлім береді», — деді №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззат Жалмұқанова.
Қызыл-көк лента, ала галстук, ақ бантик, құшақ-құшақ гүлдер. Түлектер кімге оқыды, қайда оқыды – мұның бәрін уақыт көрсетеді. Әзірге, оларда соңғы қоңырау. Мектеппен қоштасу әні, ұстаздарға алғыс және көпшілік күткен вальс. Салтанатты шара жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрге сай өтуде. Бұл күн мына ұл-қыздардың мәңгі есінде қалатыны сөзсіз.
Әмірлан Үкен – аталған мектептің беткеұстар түлектерінің бірі. Осы күнге дейін физика мен математика пәндері бойынша өткен бірнеше олимпиадада топ жарған. Айта кету керек, Әмірлан – «Алтын белгіге» үміткер. Тек маусымның 2-16-сы аралығында өтетін емтихандарда өзінің үздік екенін дәлелдеуі қажет.
Петропавлда бір мектептің 11 түлегі — Алтын белгіге» үміткер
«ҰБТ-да физика-математика пәндерін таңдадым. Болашақта математика мұғалімі болғым келеді. Бұған дейін өткен тесттерде 80-90 балдан жинадым. Соңғы мүмкіндігімді ұтымды пайдаланып, 100 балдан асырғым келеді», — деді №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің түлегі Әмірлан Үкен.
Айта кету керек, мамырдың 25-і 73 мың солтүстікқазақстандық оқушы үшін кезекті оқу жылы тәмамдалды. Бүгін 4 мыңға жуық түлек үшін қоңырау соңғы рет сыңғырлады. Оның 170-тен астамы – «Алтын белгіге» үміткер.