Денсаулық сақтау министрлігі ел бойынша наркологиялық орталықтарды тексеретінін мәлімдеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жүргізушілерді медициналық куәландыру кезінде жекелеген наркологиялық орталықтардың тарабынан жіберілетін заңбұзушылықтар мәселесі бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында азаматтардың өтініштері, депутаттық сауалдар және алкогольдік масаң күйді анықтау бойынша куәландыру жүргізу кезінде белгіленген рәсімдердің сақталмауына қатысты анықталған фактілер қаралды.
Министр Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қолданыстағы стандарттар мен медициналық куәландыру жүргізу тәртібінің сақталуын тексеру мақсатында барлық өңірлік наркологиялық орталыққа кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.
️Ведомство басшысы заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар қолданыстағы заңнаманың шеңберінде процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетінін атап өтті.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі медициналық куәландыру жүргізу тәртібін реттейтін ДСМ-нің тиісті бұйрығына рәсімдердің ашықтығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және даулы жағдайлардың алдын алу мақсатында өзгерістер мен толықтырулар әзірлейді.
Тағы оқыңыз: Ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнерпаздар ауылдарды аралауда

