Уәлиханов ауданындағы А. Қазымбетов атындағы стадионда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында көктемгі кросс жарысы ұйымдастырылды. Спорттық іс-шара салауатты өмір салтын дәріптеу, тұрғындарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру және қоғамда заңға құрмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді, деп жазады Qazaqstan Media.
Жарысқа ауданның түрлі жастағы тұрғындары қатысып, жоғары белсенділік танытты. Қатысушылар спортқа деген қызығушылықтарын көрсетіп қана қоймай, өзара ұйымшылдық пен достық қарым-қатынастың үлгісін көрсетті. Көктемгі жарыс көрермендерге ерекше әсер сыйлап, стадион аумағында нағыз спорттық атмосфера қалыптасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және белсенді өмір салтына баулуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту арқылы қоғамда жағымды құндылықтарды қалыптастыру көзделеді.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында: І орынды — Константин Калиниченко алса,
екінші болып Мұхаммед Қиззатов келді. Ал
Мирас Рысқұлов үшінші орынды місе тұтты.
Ал әйелдер арасында
Ақмарал Төлеуова жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орын Алмагүл Әубәкіроваға бұйырса,
үшінші орынды Замзагүл Құлмұханова жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Мұндай спорттық іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өңірде түрлі мәдени, спорттық және профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, жастарды дұрыс құндылықтарға тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 16 мың ит-мысық чиптелді

