Қызылжар ауданындағы табиғи өнім шығарумен айналысатын «Молсервис» серіктестігі ауқымды жаңартудан өтуде. Бүгінде кәсіпорында май және сүзбе цехінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бескөл ауылында орналасқан кәсіпорынның ашылғанынан 30 жылға жуықтады. Өндіріс орны «өрістен сөреге дейін» принципімен жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда жаңа май және сүзбе цехінің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Кәсіпорын екінші деңгейлі банктен несие алған. Қаржығы ресейлік зауыттан арнайы тапсырыс арқылы жасалған заманауи құрылғылар алынды.
«Өткен жылы біз несие алып, май және сүзбе өнімдерін шығаратын цех құрылысына қажетті жабдықтар сатып алдық. Оның бәрі біздің ғимаратқа, өндіріс қуаттылығымызға лайықталып дайындалды. Қазіргі уақытта жұмыстың шамамен 80–90 пайызы орындалды. Барлық жабдыққа электр сымдарын жалғадық, енді іске қосу-баптау жұмыстары ғана қалды. Цехті маусым-шілде айларында іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді «Молсервис» ЖШС директоры Ғалибек Рамазанов.
Жаңа цех іске қосылысымен кәсіпорында тәулігіне қосымша 20 тонна сүт өңделеді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін тағы 20 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, шикізат мәселесі бойынша қиындық болмайды дейді басшылық.
Айта кету керек, зауыттың өз егістік алқаптары, құрама жем зауыты мен сүт-тауарлы фермасы бар. Жергілікті шаруашылықтармен де келісімшарт жасасқан. Жаңа цехтің ашылуымен майлылығы 72 және 82 пайыз болатын сары май, қораптағы және үгілмелі сүзбе, сонымен қатар, мейіз, өрік қағы бар сүзбе массаларын шығарылалады.
Бүгінде зауытта тәулігіне 22 тонна өнім шығарылады. Сапалы тауар Солтүстік Қазақстаннан бөлек, Астана, Теміртау және Қостанай қалаларына жөнелтілуде.
Тағы оқыңыз: СҚО-да полицейлер берешегін өтемей жүрген 200-ден астам шетел азаматын анықтады

