«Халық әуені» республикалық жобасы аясында Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Солтүстік Қазақстан облысына келеді. Олар 21-23 мамыр аралығында теріскейліктердің алдында өнер көрсетпек, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
СҚО-ға «Халық әуені» республикалық жобасы аясында Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі келеді. Жоба аймақтардағы ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева.
Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі — қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын насихаттап жүрген өнер ұжымы. Оркестр 1980 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясы жанынан құрылған. 1982 жылы қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев ұжымды кәсіби оркестр деңгейіне көтерді.
Басты ерекшелігі — қазақтың көне ұлттық аспаптарын кеңінен қолдануы. Өнерпаздары домбыра, қобызбен қатар жетіген, шертер, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз, асатаяқ секілді аспаптар пайдаланады.
Өнер ұжымы Пресновка мен Смирново ауылдары мен Мамлютка қаласына барады. Концерттер сағат 16:00-де басталады. Кіру — тегін.
Тағы оқыңыз: Еліміздің Бас мүфтиі Құрбан айт мерекесін ұлттық нақышта атап өтуге шақырды

