Қазақстанда емханаға тіркелу тәртібі өзгеруі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына азаматтарды бекіту қағидаларына түзетулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жоба қазір жария талқылауда. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 28 мамырға дейін жалғасады.

Негізгі өзгерістердің бірі — емханаға еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқанды алып тастау. Бұған дейін азаматтар жаңа емхананы белгілі бір кезеңде ғана таңдай алатын. Енді жоба қабылданса, қазақстандықтар жыл ішінде бір рет кез келген уақытта басқа емханаға ауыса алады.

Азаматтар бұрынғыдай мемлекеттік немесе жекеменшік емхананы таңдай алады. Бірақ адам тек бір ғана медициналық ұйымға тіркелуі тиіс. Сонымен қатар емханалардың қызмет көрсету аумақтары нақты белгіленбек.

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің түсіндіруінше, емхана өз аумағында, яғни жақын маңда тұратын тұрғындарды тіркеуге міндетті. Ал жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балалар нақты тұратын жері бойынша емханаға бекітіледі. Бұл патронаждық бақылауды үздіксіз жүргізу үшін қажет.

Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар ата-анасының бірі тіркелген емханаға бекітілуі тиіс. Студенттер, курсанттар және мерзімді әскери қызметшілер үшін де тіркелу тәртібі нақтыланады.

Жобаға сәйкес, студенттер оқу орнына жақын емханаға электрондық үкімет порталы арқылы немесе өтініш жазу арқылы тіркеле алады. Ал әскери қызметшілер қызмет өткеру мерзіміне уақытша тіркелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, ерікті медициналық сақтандыру арқылы емханаға тіркелу тәжірибесін алып тастау ұсынылып отыр. Мұндай қызметтер пациент пен медициналық ұйым арасындағы жеке шарт негізінде көрсетіледі.

Министрлік бұл өзгерістер емханаларға тіркелу жүйесін ыңғайлы әрі ашық етуге, пациенттерді тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: Президент Astana LRT жұмысын іске қосты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *