Ішкі істер министрлігі оқушылар мен студенттерге жазғы демалыс алдында үндеу жасады. Министрлік өкілдері каникул кезінде интернет пен әлеуметтік желілерде «тез әрі оңай табыс табу» туралы күмәнді ұсыныстар көбейетінін ескертті, деп жазады Qazaqstan Media.
Санаулы күндерден соң көптен күткен каникул басталады. Бұл — тынығу мен сергуге, жаңа әсер алуға таптырмас уақыт. Алайда дәл осы кезеңде интернетте және әлеуметтік желілерде тез әрі оңай табыс табуға бағытталған «тартымды» ұсыныстар жиі кездеседі. Бірақ олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, сондай-ақ насихаттау мен жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін. Бұл жай ғана қауіп емес, бұл қылмыс.
«Ішкі істер министрлігі ескертеді: есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін. Бір ғана «жеңіл табыс» бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз. Саналы таңдау жасағаныңыз абзал. Еркіндік ақшадан қымбат. Ал болашақ уақытша пайдадан маңызды», — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда «ALTYN ORDA» коллекциялық монетасы шығарылады

