Қазақстанда әйелдерге арналған гигиеналық құралдарды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату туралы петиция жарияланды. Петиция авторлары бұл бастама қыз-келіншектер үшін гигиеналық құралдардың қолжетімділігін арттырып, денсаулық мәселелерінің алдын алуға көмектесетінін айтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Құжатта 2026 жылдан бастап Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің бір бөлігі ҚҚС-тан босатылғаны еске салынған. Авторлар дәл осындай жеңілдікті прокладка, тампон секілді әйелдер гигиенасына арналған тауарларға да енгізуді ұсынып отыр.
Петицияда «менструалдық кедейлік» мәселесі көтерілген. Онда көптеген қыз-келіншектердің гигиеналық құралдарды сатып алуға мүмкіндігі жетпейтіні, соның салдарынан денсаулыққа қауіп төнетіні айтылған.
«Гигиеналық құралдарға үнемдеу несеп-жыныс жүйесінің инфекцияларына, ал кей жағдайда бедеулікке дейін алып келуі мүмкін», — делінген петиция мәтінінде.
Авторлар Қазақстандағы әйелдер бедеулігінің өсіп келе жатқанына да назар аударған. Мәліметке сәйкес, 2024 жылдың ортасында елде 29,2 мың әйел бедеулік бойынша есепте тұрған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық көп.
Сондай-ақ Umai Cup және SOAS ұйымдары жүргізген зерттеу нәтижесі келтірілген. Сауалнамаға қатысқан қыздардың 66 пайызы гигиеналық құралдардың орнына қолда бар заттарды пайдаланғанын айтқан. Ал 10 пайызы прокладка сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан мектеп пен университетке бара алмаған.
Петиция авторлары халықаралық тәжірибені де мысалға келтірді. Мәселен, Шотландияда мұқтаж жандарға арналған гигиеналық құралдар тегін беріледі, ал Ұлыбритания мен Австрияда бұл өнімдерге салынатын салық алынып тасталған.
«Әйелдер гигиенасына арналған құралдар — сән-салтанат емес, күнделікті қажеттілік. Қазақстанда да бұл тауарларды ҚҚС-тан босату қажет», — дейді бастама авторлары.
Петиция 12-ші мамыр күні жарияланған. Егер алты айдың ішінде, яғни12-ші қарашаға дейін 50 мыңнан астам адам қолдап қол қойса, онда бұл мәселені билік басындағылар қарастыратын болады.
Тағы оқыңыз: Шілде айынан бастап ипотека арзандайды

