Петропавлда Ұлы Жеңіс күніне орай тарихи-танымдық шара өтті. Жиында аға буын өкілдері жастарға сұрапыл соғыс жайлы мол ақпар берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тағылымы мол жиынға аға буын өкілдері көп жиналған. Қазыналы қарияларымыз әке-аталарынан естіген сұрапыл соғыс жайлы естеліктерін жастарға айтып берді. Қиын кезеңді 90-нан асқан тыл ардагері Тілек Әбірахманов ешқашан ұмытпайды.
«8 жасымнан колхозда еңбек еттім. Ойын-күлкіге уақыт болған жоқ. Соғысқа менің ауылымнан 47 адам кетті. Оның 45-і қайтып оралмады. 5 шаңырақ жабылып қалды», — деді тыл ардагері Тілек Әбдірахманов.
Кездесуде көпшілік алдына өнер ұжымдары да шықты. Олардың киген киімдері нағыз соғыс жылдарын көз алдымызға әкелді. Дарынды жандар Ұлы Жеңіске қатысты әндерді шырқады. Жастар да шараға құр алақан келмеген. Ұл-қыздар батырларымыз жайлы өлеңдер оқып берді. Жиын соңында үлкендер жастарға ақ баталарын беріп, еліміздің аспанын ешқашан бұлт торламасын деген тілектерін білдірді.
Тағы оқыңыз: Айыртау ауданында жазғы туристік маусымға қызу дайындық жүргізілуде

