Уәлиханов ауданында прокуратура орган өкілдерінің бастамасымен үлкен профилактикалық акция өтті. Ол жастар арасында нашақорлықтың алдын-алуға арналды, деп жазады Qazaqstan Media.
Аудандық құзырлы орган ұйымдастырған «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясына Жастар ресурстық орталығының мамандары мен аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары да қатысты. Олар тұрғындарға, әсіресе жастарға, есірткінің адам өміріне, денсаулығына және болашағына тигізетін ауыр зардабын түсіндірді.
Акция барысында ақпараттық брошюралар таратылды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда арнайы трафареттер арқылы «Нашақорлыққа жол жоқ!» және «Скажи нет наркотикам!» деген жазулар салынды. Бұл жазулар жастарға ой салып, қауіпті әдеттен аулақ болуға шақырады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар бір күндік науқанмен шектелмеуі керек. Себебі есірткіге қарсы күрес — бүкіл қоғамға ортақ міндет. Әр ата-ана, әр ұстаз, әр жас бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс.
Акцияның негізгі мақсаты — жастарды салауатты өмір салтына баулу, жауапты таңдау жасауға шақыру және аудан қауіпсіздігін нығайту.

Есірткісіз өмір — дені сау ұрпақтың, қауіпсіз қоғамның және жарқын болашақтың кепілі.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның Уәлиханов ауданындағы ауыл мектебі білім беру инновациясының алаңына айналды

