Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында тұрғындар қолдарына күрек пен көшет алып, туған өлкені жасыл желекке бөлеу үшін жаппай сенбілікке шықты. Бір күннің ішінде мұнда мыңдаған ағаш отырғызылды. Ауданның ажарын ашатын, экологиясын жақсартатын игі іс бастау алды. Бұл — ауқымды жұмыстың алғашқы кезеңі ғана, деп жазады Qazaqstan Media.
Кең көлемді ағаш отырғызу акциясы республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастаманы осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Содан бері ел аумағында табиғатты қорғау, елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Тайынша ауданында да бұл үндеуге бейжай қарамаған тұрғындар, еріктілер мен жергілікті билік өкілдері бірлесе отырып, өңірді көркейтуге жұмылды.

Жалпы аудан бойынша шамамен бір жарым мың түп көшет отырғызылды. Оның қатарында қарағай, қайың және сәндік пирамидалы теректер бар. Соның жүзге жуығы Тайынша қаласының өзінде егілді. Уақыт өте келе бұл жас көшеттер көшелерге көрік беріп, ауаның сапасын жақсартып, шаң-тозаңды азайтып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға қызмет етпек.
Игі бастаманы тұрғындар қолдап отыр
Игі іске кәсіпкерлер де өз үлесін қосты. ТОО «Тамыз Агро Инвест» 80 түп пирамидалы терек көшетін сатып алды. Көшеттер Мироновка ауылының тұрғындарымен бірге арнайы ағаш отырғызу шарасын өткізді. Бұл — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен туған жерге жанашырлығының жарқын көрінісі.

Экологиялық акцияға ардагерлер, жастар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және туған өлкесінің келешегіне бейжай қарамайтын қарапайым тұрғындар белсене қатысты. Көпшілік үшін бұл сенбілік тек тазалық шарасы емес, келер ұрпаққа көлеңкелі бақ пен таза ауа қалдыруға бағытталған ортақ міндетке айналды.
Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Әділет Рахымжановтың айтуынша, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, табиғатқа жанашырлықпен қарау және елді мекендерді көгалдандыру — әр өңір үшін маңызды міндет. Осы бастама аясында ауданымызда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні аудан бойынша шамамен бір жарым мың түп ағаш отырғызылды. Оның жүзге жуығы Тайынша қаласының өзінде егілді. Бұл — экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға қосылған нақты үлес. Алдағы уақытта бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады», — деді ол.
Аудан тұрғындары да бұл бастаманы зор ықыласпен қолдады. Көпшілігі шараға отбасымен келіп, туған жерге деген қамқорлықтың үлгісін көрсетті. Олардың айтуынша, мұндай игі істер көшелерді көріктендіріп қана қоймай, елдің бірлігін нығайтып, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырады.
«Мен ағаш отырғызу акциясына үлкен қуанышпен қатыстым. Бұл — ауданымыздың ертеңіне жасалған инвестиция. Осындай бастамалар адамдарды жақындастырып, туған өлкемізді бұрынғыдан да жасыл, жайлы әрі көркем етеді», — дейді акцияға қатысушы Татьяна Хасанова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар бір реттік науқан емес. Бұл — экологиялық мәдениетті қалыптастыратын ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігі. Табиғатты аялауға қанша адам атсалысса, оның нәтижесі де соншалықты айқын болмақ. Тайынша ауданында басталған бұл игі қадам ертең өңірдің шырайын кіргізетін жасыл белдеуге айналары сөзсіз.
Тағы оқыңыз: СҚО тұрғындары ел бойынша ұйымдастырылған жаппай ағаш егу акциясына белсенді қатысты

