23 сәуірде Қазақстанда Ұлттық кітап күні аталып өтуде. Айтулы датаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекемен құттықтады. Президенттің айтуынша, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде оқу мәдениеті ұлт сапасының басты өлшемдерінің бірі болып қала береді, деп жазады Qazaqstan Media.
Президент кітаптың қандай кезеңде де рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі болып қала беретінін атап өтті.
«Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын! Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды. Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы арнаулы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.
Ұлттық кітап күніне орай солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі де құттықтады. Өңір басшысы кітапты адамзаттың сан ғасырлық рухани қазынасы, білім мен даналықтың сарқылмас бұлағы деп атап өтті.
«Құрметті солтүстікқазақстандықтар! Сіздерді Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық рухани қазынасы, білім мен даналықтың сарқылмас бұлағы. Кітап арқылы халықтың тарихы сақталып, салт-дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгілік құндылықтар нығая түседі. Сондықтан бүгінгі таңда да кітап оқу қоғам дамуының маңызды тетігі болып, ойы ұшқыр, білімі терең, рухы биік ұрпақтың қалыптасуына жол ашады», – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ облыс әкімі кітапқа деген құрмет пен білімге құштарлық әрдайым жұртшылықты жаңа жетістіктерге жетелейтінін атап өтті.
Еске салайық, 23 сәуір Қазақстанда Ұлттық кітап күні ретінде бекітілген. Бұл бастама қоғамда оқу мәдениетін арттыруға, жастар арасында кітап оқуды насихаттауға және ұлттың зияткерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған. Осыған орай елімізде 16-23 сәуір аралығында Кітап апталығы өтіп, кітап көрмелері, жәрмеңкелер, авторлармен кездесулер, оқу марафондары мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Тағы оқыңыз: Ғ.Мүсірепов ауданындағы «МаслоДел» ЖШС-дегі өртті сөндіруге бірнеше ауданнан көмек келді

