Қазақстанда су есептегіштерін орнату, пайдалану және ауыстыру тәртібі жаңарды. Енді жаңадан қойылатын құралдар көрсеткішті қашықтан жібере алуы керек. Ал жарамды ескі есептегіштерді мерзімінен бұрын жаппай ауыстыруға болмайды, деп жазады Qazaqstan Media.

Қазақстанда елді мекендердегі су есептегіштерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидалары жаңартылды. Жаңа құжат қарапайым тұрғындар үшін де маңызды. Өйткені онда пәтер мен жеке үйге орнатылатын су есептегіштерге қойылатын талаптар нақты көрсетілген.

Енді жаңадан орнатылатын су есептегіштер қашықтан дерек жіберу жүйесімен жабдықталуы тиіс. Яғни мамандар немесе тұрғындар көрсеткішті қолмен бермей-ақ, мәлімет автоматты түрде жүйеге түседі. Қазақстан аумағында мұндай құрылғылар үшін негізгі технология ретінде NB-IoT белгіленді.

Ал LoRaWAN технологиясы тек NB-IoT желісі тұрақты істемейтін елді мекендерде немесе оның жекелеген бөліктерінде ғана қолданылмақ. Егер кейін ол аумақта NB-IoT желісі пайда болса, жаңадан орнатылатын есептегіштер осы технологиямен жұмыс істеуі керек.

Сонымен бірге құжатта маңызды бір норма бар. Жарамды, жұмыс істеп тұрған су есептегіштерін жаппай мерзімінен бұрын ауыстыруға болмайды. Бұрын LoRaWAN жүйесімен орнатылған құралдар да қызмет ету мерзімі біткенше немесе істен шыққанша пайдаланыла береді.

Жаңа қағида бойынша су есептегіші міндетті түрде Қазақстанның мемлекеттік тізіліміне енгізілуі, тексеруден өтуі және құжаттары толық болуы қажет. Ал тексеру мерзімі өтіп кеткен, пломбасы бұзылған немесе тіркелмеген құралдарды пайдалануға рұқсат етілмейді.

Егер пәтердегі не үйдегі су есептегіші істен шықса, тұтынылған су көлемі өткен үш айдағы орташа көрсеткіш бойынша есептеледі. Бірақ бұл бір айдан аспауы тиіс. Осы уақыт ішінде тұрғын су есептегішті 30 күннің ішінде ауыстыруы керек.

Тағы бір жаңалық — электрондық су есептегіштеріне кемінде 5 жыл кепілдік берілуі тиіс. Сондай-ақ мұндай құралдарды орнату, бөлшектеу және іске қосу жұмыстарын тек тиісті рұқсаты бар ұйымдар ғана жүргізеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда мемлекеттік жалдамалы пәтерлерді  әкімдік мамандары тексеретін болды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *