Солтүстікқазақстандық полицейлер екі күн ішінде 16 қылмыскердің қайда жүргенін анықтаған. Оның ішінде 13-ші ТМД елдерінде іздеуде болыпты.  Бұл «Розыск» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында анықталды, деп жазады Qazaqstan Media.

Республикалық іс-шараға 250 полиция қызметкері жұмылдырылған. 19 мобильді топ құрылыс нысандарын, хостелдерді, жалдамалы пәтерлерді және іздеуде жүрген адамдар болуы мүмкін өзге де орындарды тексеріп шыққан. Нәтижесі жаман емес. Тіпті тоғыз жыл бұрын қылмыс жасап, іздеуде болған қылмыскер де табылды.

«Мәселен, полицейлер 2016 жылы аса ірі алаяқтық үшін 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген 46 жастағы ер адамның орналасқан жерін анықтады. Ол Астана қаласының екі тұрғынын алдап, бірінен 900 мың теңге, екіншісінен пәтерін иемденген. 2017 жылы Петропавлда тұрып, жазасын өтеуден жалтарған. Содан бері полицейлер оны іздестіруді тоқтатпай, аталған іс-шара барысында елордада ұстады»,-деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ іс-шара барысында полицейлер ресейлік әріптестерімен бірлесе Омбы қаласында Аққайың ауданында мал ұрлады деген күдікке ілінген азаматты ұстады. Жалпы  СҚО аумағында екі күн ішінде 16 қылмыскердің жүрген жері анықталды. Оның ішінде 13-і ТМД елдері бойынша іздеуде болған. Ұсталғандардың қатарында алаяқтық, ұрлық, көлік айдап әкету, пара беру және өзге де қылмыстар бойынша сотталғандар мен күдіктілер бар.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары үйінен хабарсыз кеткен жасөспірімді де тапты. 15 жастағы баланың жоғалғаны туралы хабарлама  15 сәуір күні кешке түскен. Кейін бірнеше сағаттан кейін полицейлер оны Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінің маңынан тапты. Жасөспірім достарымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Бұған дейін де ол бірнеше рет үйінен кетіп қалған. Бұзақылық пен ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Онымен профилактикалық жұмыс жүргізу мүмкіндігі таусылғандықтан, қазіргі уақытта оны арнайы оқу орнына жолдау мәселесі қаралуда.

Тағы оқыңыз: СҚО-да Еуропалық иммундау апталығы өтеді

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *