Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдық мерейтойы аясында Шал ақын ауданында «Әнім саған, туған жер» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы жоғары деңгейде өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен бұл рухани кеш туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық өнерге деген құрметтің айқын көрінісіне айналды, деп жазады Qazaqstan Media.

Кеш шымылдығы Есіл өзенінің тағдыры мен тарихын жырға қосқан тебіреністі өлең жолдарымен ашылды. Сахнадағы күй мен би үйлесімі арқылы ерекше атмосфера қалыптасты. Күй күмбірі мен мың бұралған бишілер қимылы көрермендерді бір сәтте өнер әлеміне жетеледі.

Салтанатты шара барысында жүргізушілер өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасын ерекше атап өтті. Қазақ әдебиетінің алыптары — Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалардың есімдері құрметпен аталып, олардың мұрасы ұрпаққа үлгі екені айтылды.

Байқауға қатысқан шығармашылық ұжымдар туған жер тақырыбын әр қырынан ашып, көрерменге ән мен жыр, күй мен би арқылы ерекше әсер сыйлады. Халықтық ансамбльдер мен вокалдық топтар, би ұжымдары мен домбырашылар өнердің сан алуан жанрын паш етіп, сахнаны нағыз шығармашылық алаңға айналдырды.

«Туған өлке», «Қазақ елі», «Ауылым» сынды әндер мен «Әке толғауы» күйі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал, этно-топтар мен заманауи би ұжымдары ұлттық нақыш пен бүгінгі заман үндестігін сәтті үйлестіре білді. Әсіресе, түрлі этнос өкілдерінің өнері тоғысқан сәттер көпшілікке бірлік пен достықтың шынайы бейнесін көрсетті.

Кештің шарықтау шегі ретінде орындалған «Біз біргеміз» композициясы барша қатысушыларды бір сахнаға жинап, өнер арқылы ұлт пен ұрпақты біріктіретін ортақ құндылықтарды айшықтады.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға алғыс білдіріп, мұндай мәдени бастамалар өңірдің рухани дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Әнім саған, туған жер» байқауы — бұл тек өнер додасы ғана емес, туған жерге тағзым, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолындағы маңызды қадам болды.

Тағы оқыңыз: СҚО-ның Уәлиханов ауданында жастарды бірлік пен ұлтаралық татулықты сақтауға шақыратын жиын өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *