Астанадағы қайғылы өрттен кейін Мәжілісте қауіпсіздік мәселесі қайта көтерілді. Депутат Олжас Құспеков төтенше жағдай кезінде құтқарушыларға кедергі келтіретін факторларды заңмен реттеуді ұсынды. Тұрғын үйлердің маңында арнайы өрт сөндіру дәліздерін енгізуді талап етті, деп жазады Qazaqstan Media.
Депутаттың айтуынша, аулалардағы ретсіз тұрақ, жабық шлагбаумдар мен тар өткелдер құтқару жұмыстарын айтарлықтай баяулатады.
«Төтенше жағдайда әр минут қымбат. Соңғы жағдайда 20 минут тек көліктерді жылжытуға кетті. Бұл уақыт үш баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін еді. Сондықтан адамның өмірі мүліктен жоғары тұруы тиіс», — деді Құспеков.
Депутат бірнеше нақты ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, арнайы жолақтар енгізіліп, ол жерлерде көлік қоюға толық тыйым салынуы тиіс. Сонымен қатар, құтқарушыларға кедергі келтірген көліктерді, шлагбаумдарды немесе басқа да тосқауылдарды бұзып, алып тастауға рұқсат беру. Және бұл үшін өтемақы төлемеуге заң жүзінде рұқсат беру ұсынылды.
Бұдан бөлек, ғимараттардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту, түтін датчиктерін төтенше жағдайлар қызметінің жүйесіне қосу және мүлікті міндетті сақтандыру тетіктерін енгізу қажеттігі айтылды.
Бұл мәселе 12 сәуірде Астананың Есіл ауданындағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған қайғылы оқиғадан кейін көтерілді. 21 қабатты үйдің 15-қабатында шыққан өрт салдарынан бір әйел ауыр күйік алып, пәтерден үш баланың денесі табылды. Құтқарушылар металл есікті бұзып кіруге мәжбүр болған. Аулада тұрған көлік те кедергі болған.
Аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, өрт кезінде аулаға кіреберісті көлігімен жауып тастаған жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер қабылданса, төтенше жағдайлар кезінде адам шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жаңа пәтердің кілттері табысталды

