Петропавлда «Мисс және Мистер волонтер – 2026» байқауы өтті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған сайысқа қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген 15 жас қатысты. Олар өзара бақ сынап, шығармашылық қабілеті мен азаматтық ұстанымын танытты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Биылғы байқаудың ақтық кезеңіне 10 қыз бен 5 жігіт жолдама алған. Үміткерлер алдымен өздерін таныстырып, қоғам өміріне қатысты сауалдарға жауап берді. Ал қорытынды кезеңде өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Қазылар алқасы қатысушылардың белсенділігін, өнерін және сахнадағы өзін-өзі ұстауын бағалады.

Петропавлда еріктілер арасында шығармашылық сайыс өтті
Петропавлда еріктілер арасында шығармашылық сайыс өтті

«Байқау жеңімпаздарына «Мисс және Мистер Волонтер – 2026» атағы беріледі. Сонымен қатар, бірінші және екінші вице-мисс пен вице-мистер анықталады. Бас жүлде иегерлеріне 120 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталса, келесі орындарға ие болған қатысушыларға 100 және 80 мың теңгенің сертификаттары беріледі, — деді «Штаб JE SKO» ҚБ төрайымы Даяна Баймұқанова.

Еріктілік – тек көмек көрсету емес, айналаңа жанашырлық танытып, қоғамға пайда әкелу. Байқауға қатысушылардың бірі – Малика Асқарбек. Ол волонтерлік қозғалысқа үш жыл бұрын қосылған. Жас ерікті бұл жолы құрбыларымен бірге арнайы би дайындап, өнерін көпшілікке ұсынды.

Петропавлда еріктілер арасында шығармашылық сайыс өтті
Петропавлда еріктілер арасында шығармашылық сайыс өтті

«Еріктілер қозғалысына қосылғаныма үш жыл болды. Ол кезде жетінші сыныпта оқитынмын. Байқауға ұзақ дайындалдым, құрбыларыммен бірге би әзірледік. Жеңімпаз атансам, әрине, қуанамын. Ал жеңіске жетпесем де, мұңаймаймын. Өйткені бұл – мен үшін үлкен тәжірибе», — деді қатысушы.

Байқау қорытындысы бойынша үздік атанған қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлделі орындарға ілікпеген үміткерлердің әрқайсысына 40 мың теңгенің сертификаты беріледі.

Тағы оқыңыз: Қазақ тілін цифрлық дәуірге бейімдеу: Петропавлда республикалық семинар өтті

Поделиться:

Shares