Петропавлда үй кезегінде тұрған 30-дан астам әлеуметтік осал топтағы отбасыға жаңа пәтер берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі, олар бұл күнді көп күтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.

«Баршаларыңызды осындай қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға баспаналар әлі де берілетін болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», — деді СҚО әкімі.
Үйлердің іші кең, керектінің бәрі бар. Никита Куликов — өмірлік қиын жағдайға тап болған жас. 10 жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрған. Бүгін оның арманы орындалып, екі бөлмелі пәтерге ие болды.

«Арзандатылған пайызбен несие берді. Үй жалдап, басқаға ақша бергенше, өз баспанама төлегенім жақсы. Қуанышымда жек жоқ. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын»,-дейді жаңа қоныс иесі.
Бұл күні көпбалалы отбасыларға, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жандарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға пәтер кілті табысталды. Айта кетейік, биыл облыста үй кезегінде тұрған 700-ге жуық отбасыға пәтер кілті табысталады. Бұл — соңғы жылдардағы рекордты көрсеткіш.
Тағы оқыңыз: Түнде адасып, мұздай суға түсіп кеткен 86 жастағы кейуана құтқарылды

