Петропавлда халық композиторының ескерткіші қоқыстан тазартылды
Петропавлдағы Үкілі Ыбырай ескерткішінің айналасы қоқыстан тазартылды. Шараны қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері ұйымдастырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Күн жылып, қар ерігелі Петропавлда тазалық жұмыстары қарқын алды. Бүгін қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері мен студенттер Үкілі Ыбырай ескерткішінің маңын күл-қоқыстан тазартты. «Бұл игі бастама — рухани мұраға деген құрметтің белгісі», — дейді ұйымдастырушылар.
Петропавлда халық композиторының ескерткіші қоқыстан тазартылды
«Ескерткіш айналасын толықтай қалыпқа келтіреміз. Қалалық жастар ресурстық орталығы күн сайын тазалық шараларын өткізеді. Бұл маңызды жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. 1 аптаның ішінде 6 аумақты қалдықтардан тазартып үлгердік», — деді волонтер Кристина Задорожная.
Қолдарына сыпырғыш, тырнауыш пен күрек ұстаған жастар жан-жақты ретке келтіруде. Біреуі де бос тұрған жоқ. Олар қалдықтарды техникаға оңай арту үшін бірден қаптарға салуда. Айта кету керек, 4-сәуір күні Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтеді.