М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің 9 «Б» сынып оқушысы «Alaş. Tarih bastaluda» атты Қазақстан тарихы бойынша танымдық ойын әзірледі. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру және мемлекеттік емтихандар мен ҰБТ-ға тиімді дайындалуға көмектесу, деп жазады Qazaqstan Media.
Интерактивті ойын оқушыларға маңызды даталарды, тарихи оқиғалар мен тұлғаларды жақсы меңгеруге мүмкіндік береді. Ойын форматы оқу үдерісін жеңіл әрі қызықты етіп, білімді есте сақтауды тиімді етеді.
Жоба барысында оқушы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тарихи материалдарды жан-жақты талдады. Соның негізінде ойынның құрылымы жасалып, тапсырмалар мен сұрақтар жүйесі әзірленді. Ерекше назар емтиханға қажетті негізгі деректер мен даталарды бекітуге бағытталған тапсырмаларға аударылды.

Ойынды әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрды: тарихи ақпаратты жинау және талдау, негізгі деректерді іріктеу, тапсырмалар құрастыру, дизайн мен құрылымды жасау, сондай-ақ дайын өнімді тестілеу.
Бұл ойын тарих сабақтарында, сыныптан тыс іс-шараларда және оқушылардың өз бетінше дайындалуында тиімді қолдануға болады. Жоба білімге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, оқыту үдерісін заманауи әрі нәтижелі етеді.
Тағы оқыңыз: СҚО тұрғындарын сәуірде жылы күндер, қатты жел және жаңбыр күтіп тұр

