Қазақстанда егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасып жатыр. Биыл жемдік дақылдар егістігі 242 мың гектарға ұлғаяды. Ал бидай алқаптарын қысқарту көзделген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елдегі жалпы егіс көлемі биыл 23,8 млн гектарға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Соған қарамастан, бидай алқаптарын 12 млн гектарға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Есесіне майлы дақылдар алқабын 4 млн гектардан асырып, жемдік дақылдар көлемін 3,3 млн гектарға жеткізу міндеті қойылды.
Министрліктің мәліметінше, алқаптарды әртараптандыру жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары бидайға тәуелділікті азайтып, майлы, бұршақты және жем-шөп дақылдарын көбейтуге басымдық берілген. Сонымен қатар, құрғақшылыққа төзімді жаңа сұрыптар енгізіліп жатыр.
Биыл әлеуметтік маңызы бар көкөністерге де ерекше көңіл бөлінеді. Өңірлерге картоп пен сәбіз егісін ұлғайту тапсырылды. Сондай-ақ қарақұмық алқаптары да кеңейеді. Былтыр 91 мың гектар болған аумақ биыл 101 мың гектарға дейін жеткізілмек.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан 75 жоғалған адам табылды

