Есіл ауданының Явленка ауылында Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Ауыл тұрғындары спорт алаңында күш, ептілік және төзімділік бойынша сынға түсті. Додаға арнайы қонақ әрі ұйымдастырушы ретінде әйгілі қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.

Есіл өңірінің жігіттерінің қарым-қабілеті мен қайратын сынау үшін ауылға Сергей Цырульников арнайы келді. Ол — әлемнің төрт дүркін рекордшысы атанған танымал қазақстандық күш иесі. Волейбол мен пауэрлифтингтен спорт шебері ауыл тұрғындарына ерекше күш сайыстарын алып келді. Ол ауыл азаматтарына нағыз тағаларды майыстыруды немесе аса қатты эспандерді қысып жабуды ұсынып, мұның әрқайсысына ақшалай сыйақы тікті.

«Эспандерді бір рет толық жапқан адамға жүз доллар беріледі. Ал кім оны он рет қысып жапса, бірден мың долларды, яғни жарты миллион теңгені алады. Тағаны майыстырғаны үшін әрбір сантиметрге 100 мың теңгеден төлейміз. Осылайша біз тарихымызға қайта оралып, жастарды мықты болуға ынталандырамыз», — деді әйгілі палуан Сергей Цырульников.

Мұнда тағы бір халықтық сайыс — қой көтеру өтіп жатты. Қатысушылар салмағы шамамен 50 келі тартатын, қошқарды бейнелейтін арнайы макетті көтеріп жарысты. Әрбір үміткерге бес минут уақыт берілді. Жарыстың әділ өтуін жергілікті дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Юрий Тюрин қадағалады.

«Бүгінгі ең үздік нәтиже әзірге 142 рет болып тұр, бірақ қатысушылар әлі де келіп жатыр. Жеңімпаз біреу ғана болады, оған кубок, медаль және 30 мың теңге табысталады. Мен бірінші мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін және жыл сайын Наурыздағы осындай жарыстарға төрешілік етемін. Біз әрдайым ұлттық ойындарға бүкіл мектеп болып қатысуға тырысамыз», — деді тәжірибелі төреші.

Нағыз сенсацияны Сапарғожа Аманов жасады. Бүгін ол 66 жасқа толды. Жасына қарамастан, мерейтой иесі жастарға қарсылас болуға бел буды. Ол 50 келілік жүкті 135 рет отырып-тұрып көтеріп, көпшілікті тәнті етті.

«Бүгін мен 66 жасқа толдым. Мұнда немерем Әділбекпен бірге келдім. Жарысқа шығуды жөн көрдім, себебі оған жақсы үлгі көрсетуді өзімнің парызым деп санаймын. Барша қазақстандықтарға спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануды тілеймін. Елімізде әрдайым бейбітшілік, татулық пен бірлік болсын», — деді ауыл тұрғыны.

Мереке аясында жілік сындыру сайысы да ұйымдастырылды. Бұл ойында ер азаматтар жіліншік сүйекті алақанның бір-ақ соққысымен сындыруға тырысады. Мұнда тек күш емес, айрықша әдіс-тәсіл де қажет. Бұдан бөлек, тұрғындар қол күресі мен арқан тартудан да бақ сынады.

Қонақтар үшін жануарлар көрмесі де ұйымдастырылды. Күннің басты кейіпкеріне айналған — кеңестік ауыр жүк тартатын тұқымға жататын Буран есімді ірі жылқы. Балалар да, ересектер де онымен қуана суретке түсті. Сондай-ақ алаңда түйелер, есек және еділбай тұқымды қойлар да көпшілік назарына ұсынылды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Наурыз мерекесі ерекше форматта аталып өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *