Петропавлда «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шарада қара шаңырақта талмай еңбек еткен жандар марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шараға Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, мемлекет басшысы атынан өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағында талмай еңбек етіп жүрген мамандарға, атап өтсек, Зарап Құсайынов пен Нұргүл Оқашеваға «Құрмет» орденін табыс етті. Ал бас хатшы Жадыра Қанафинаға «Ерен еңбегі үшін» медалі тағылды. Әріптесіміз бұл салада 20 жылға жуық еңбек етуде.
«Soltüstık Qazaqstan” газетінде 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашқы уақытта «Қызылжар нұры» газетінде істедім. «Soltüstık Qazaqstan” газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, ал бүгінде жауапты хатшы болып қызмет атқарамын», — деді «Soltüstık Qazaqstan» газетінің бас хатшысы Жадыра Қанафина.
Мерейтой иелерін өңір жетекшісі де құттықтады. Облыс әкімі «Soltüstık Qazaqstan» газетінің өткені мен бүгініне тоқталды, әрі маңызын атап өтті. Қара шаңырақ назарсыз қалмайды. Биыл асылдар еңбек еткен ғимарат күрделі жөндеу көреді.
Конференция барысында арнайы қонақ болып келген спикерлер баяндама оқыды. Олардың ішінде ел ағасы, қаламгер Жарасбай Сүлейменов те бар. Жазушы Мағжан және ұлттық басылым жайлы ойымен бөлісті.
«Негізін Мағжан қалаған, қазығын Смағұл Сәдуақасов сияқты Алаштың арыстары қаққан басылым. Өзінің ғасырдан астам ғұмырында өзінің еліне, жеріне, халқына адал қызмет етіп, өзінің борышын атқарып келе жатыр». Әлі де талай асуды бағындыратынына сенім мол», — деді Жарасбай Сүлейменов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да саяси науқанға белсенді қатысқан жандар марапатталды

