СҚО-да саяси науқанға белсенді қатысқан жандар марапатталды
СҚО-да референдум қорытындысы талқыланған алқалы жиын өтті. Шарада саяси науқанға белсенді қатысқан жерлестеріміз марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шараға аймақтағы әр саланың тізгінін ұстаған басқарма басшылары мен қоғам белсенділері қатысты. Отырыс шымылдығын өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, саяси науқанға қатысқан жерлестерімізге алғысын білдірді.
СҚО-да саяси науқанға белсенді қатысқан жандар марапатталды
«Жаңа Конституция — қуатты, бәсекеге қабілетті мемлекеттік берік негізі. Солтүстікқазақстандықтар саяси науқанда ұйымшыл екенін тағы бір дәлелдеді. Белсенді қатысты», — деді СҚО әкімі.
Облыс әкімінің жалынды сөздерінен кейін саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандар марапатталды. Оның ішінде қоғам белсендісі Жанат Мұхамеджанов та бар. Азамат референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабқа мүшелік етті. Бүгін оған Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
СҚО-да саяси науқанға белсенді қатысқан жандар марапатталды
«Жаңа Конституция тұғырына қонып, ел игілігі үшін қызмет етеді. Біз мемлекеттің дамуы үшін аянбай еңбек етеміз. Біз жан-жақты қаралған, 10 мыңнан астам адамның талқысына түскен Ата заңымызды бағалауымыз қажет. Маңызды құжаттың ықпалымен әлі талай асуларды бағындырамыз», — деді «Сенімен Болашақ» РҚБ СҚОФ жетекшісі Жанат Мұхамеджанов.
Республикалық референдумға 9 млн-нан астам отандасымыз қатысты. Оның 87,15 пайызы «Иә, қолдаймын» деп дауыс берді. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша жаңа Конституция 1-ші шілдеден бастап күшіне енеді.