Петропавлда кейінге қалдыруға болмайтын мәселе туындады. Қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны лық толы. Ал жаңасын салу екі жылға шегерілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен есептік кездесуде айтты. Оның сөзінше, қалаға жаңа полигон қажет, және бұл жоба қолға алынуда.

«Жаңа полигон салу – басты басымдық. Жұмыс жобасы дайындалды, оны Мамлют тас жолы бойында орналастыру жоспарланып отыр. Қазір ол қажетті келісу рәсімдерінен өтуде», — деді қала басшысы.
Жобаның құны шамамен 8,6 млрд теңгені құрайды. Жаңа полигон жылына 168 мың тоннадан астам қалдық қабылдауға есептелген. Әзірге қала «уақыт ұтуға» мәжбүр. Өткен жылдың желтоқсанында қолданыстағы полигонның қуаты арттырылып, оның қызмет ету мерзімі тағы шамамен екі жылға ұзартылды.
«Бұл – жаңа нысан іске қосылғанға дейін тұрақты жұмысты қамтамасыз етуге арналған уақытша шара», — деп атап өтті Серік Мұхамедиев.
Болашақ полигон едәуір аумақты алып жатыр. Қалдықтарды орналастыруға жалпы аумақтың 75 %-ға дейінгі бөлігі бөлінеді. Учаскенің жоспарланған пайдалану мерзімі – 50 жыл. Айта кетейік, бұған дейін қолданыстағы полигонды 2025 жылы жауып, кейін жаңарті жоспарланған болатын. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында оның қолданысы тағы екі жылға ұзартылды. Сондай-ақ 2027 жылға дейін облыста сегіз полигон жұмыс істейді деп күтілген.
Тағы оқыңыз: Қазақстан әлемдегі бақытты 35 елдің қатарына енді

