Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып, алғашқы жас сарбаздар әскерге жөнелтілді. 10 бозбала Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданы бойынша шекара басқармасына аттанды, деп жазады Qazaqstan Media.
Әскери борышын өтеуге атанған 10 сарбаздың 9-ы кейін қызметтерін әскери өмірмен байланыстыруға ниетті.
Жалпы, Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру науқаны 2026 жылғы 17 наурызда басталды. 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге жіберу жұмыстары 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл тәртіп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 наурызда қол қойған жарлығымен бекітілді.
Биыл көктемгі кезеңде ел бойынша 21 мың азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштерге, 7 мыңнан астамы Ұлттық ұланға, 2 мыңы ҰҚК Шекара қызметіне, 400 адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, тағы 300-і Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
Әскерге шақыру қағазы азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталы арқылы жолданады. Мұндай хабарлама шақырылатын күннен кемінде үш күн бұрын жіберілуі тиіс. Ресми ескерту алған азамат әскери комиссариатқа немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.
Тағы оқыңыз: 20 наурыз – Ораза айт мейрамы

