СҚО әкімі Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Алқалы жиында өткен жыл сараланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алқалы жиында халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді. Шара шымылдығын қала әкімі Серік Мақсұтұлы ашып, атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Есептік кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сурдо-аудармашылар да жұмыс істеді.
СҚО әкімі Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті
«Былтыр Петропавлдағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 651 млрд 200 млн теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырған 33 пайызға көп. Негізгі үлес өндеу өнеркәсібіне тиесілі. Бөлшек сауда көлемі 302 млрд теңгені құрады. Өсім — 10,2 пайыз. Құрылыс жұмыстарының көлемі 108 млрд теңгеден асып жығылады», — деді Серік Мақсұтұлы.
2025 жылы Петропавлда 215 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 187 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 15 көшенің автожолы жөндеу көрді.
Шара барысында мінберге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шығып, өңірдегі атқарылған жұмыстармен бөлісті. Қазіргі таңда облыста 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылы аймақта 338 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Биыл аталған межеден асып түсу жоспарланып отыр.
СҚО әкімі Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті
«2025 жылы облыстағы барлық елді мекендер таза ауыз сумен қамтылды. 1100 шақырымнан астам жол жөнделді. Маңызды іске 90 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Алдағы уақытта Петропавлға триатлон саябағын, жаңа футбол стадионын және көпфункционалды спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз», — деді облыс әкімі.
Әр сала жан-жақты қамтылып, халықтың мәселелеріне тікелей жауап берілген жиын 3 сағатқа созылды. Оған 400-ден астам адам қатысты.