Қозыбаев университетінің 35 студенті Қытайдың Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде білім алып жатыр. Бұл — университет тарихындағы Қытайға жасалған ең ірі академиялық сапарлардың бірі, деп жазады Qazaqstan Media.
Серіктестік аясында 33 бакалавр агрономия, мал шаруашылығы өндірісінің технологиясы, өсімдіктер туралы ғылым және технология бағыттары бойынша оқиды. Сонымен қатар, екі магистрант қос диплом бағдарламасы бойынша білімін жалғастыруда. Олар оқуын Қазақстан мен Қытайда өтіп, нәтижесінде екі елдің дипломын алады.
Қозыбаев университеті аталған жоғары оқу орнымен 10 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Осы уақыт ішінде Қытайдан 90 студент Петропавлда оқыса, Қозыбаев университетінің 30 студенті Қытайда білім алған.

Серіктестік тек студенттер алмасумен шектелмейді. Қазір Агротехнологиялық факультеттің үш жас оқытушысы Қытайда докторантурада оқып жатыр, тағы екі оқытушы ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Сәуір айының соңында Қытайдан жеті студенттің, ал күзгі семестрде тағы 30-ға жуық студенттің Қозыбаев университетіне келуі жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Ұлыстың ұлы күні қалай тойланады?

