Солтүстік Қазақстан облысында республикалық референдумды дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның міндеттері талқыланған семинар-кеңес өтті. Референдум 15 наурызда өтеді, деп жазады Qazaqstan Media.

Қазақстанда референдумға дайындық жүріп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, комиссия төрағаларын оқыту және 15 наурыз күні дауыс беру учаскелерінде жұмыс істейтін азаматтармен кездесулер ұйымдастырылуда.

Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық комиссиясының мүшелері Лариса Гордеева мен Сағындық Рахымжан, Петропавл қаласының референдум комиссиясының төрағасы Кеңес Мұқышев референдум қарсаңындағы үгіт-насихат жүргізу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ бақылаушылардың міндеттері мен ашық әрі заңды дауыс беруді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды жан-жақты айтты. 

Сондай-ақ олар комиссияның бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми интернет-ресурстарында учаскелердің шекаралары, орналасқан жері және комиссиялардың жұмыс кестесі туралы мәліметтер жарияланып тұратынын айтты.

«Республикалық референдумды өткізуге барлығы 596 комиссия тартылады. Оның 15-і – аумақтық, 581-і – учаскелік. Облыс бойынша 581 дауыс беру учаскесі ашылады», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық комиссиясының мүшесі Лариса Гордеева.

Референдум күні 3382 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 105-і – аумақтық комиссиялардың, 3277-сі – учаскелік комиссиялардың мүшелері.

«Біз барлығын оқытамыз. Кейбір комиссиялар бұрын сайлау мен референдум өткізген, тәжірибесі бар. Бірақ халқы 100 адам ғана тұратын елді мекендерде орналасқан учаскелер де бар. Әрине, ондағы комиссия құрамын оқыту қажет. Осы қысқа мерзім ішінде біз 3277 мүшені оқытамыз. Олардың барлығы бізбен бірге заңнаманы білу бойынша тестілеуден өтеді», – деді Лариса Гордеева.

Семинарға облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, аумақтық және қалалық референдум комиссиялары, жергілікті БАҚ және қоғамдық бірлестіктер қатысты. Журналистер учаскелерде тілшілердің жұмыс істеу тәртібін комиссия мүшелеріне еске салуды сұрады.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының аумақтық референдум комиссиясын Асқар Сакипкереев басқарады. Төраға орынбасары – Евгений Мамыкин. Хатшысы – Светлана Копнина. Комиссия мүшелері – Нұрбек Алибеков, Лариса Гордеева, Айдар Қуандықов, Сағындық Рахымжан.

Тағы оқыңыз: Наурыз айында қазақстандықтар 13 күн демалады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *