Милан Олимпиадасы — Қазақстан Ұлттық құрамасы қатысқалы жатқан тоғызыншы Ақ ойын. Осы күнге дейін спортшыларымыз төртжылдықтың басты додасында сегіз медаль жеңіп алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.
Сегіз медальдың біреуі алтын, үшеуі күміс, қалғаны қола. Ал жалпыкомандалық есепте 36 орында тұр. 1994 жылы өткен Лиллехамер Олимпиадасы . Бұл — тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әрі жоғары нәтиже көрсеткен Олимпиадасы.
Шаңғышы Владимир Смирновтың бір өзі 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Владимирдің жеңісті жолын әлі ешкім жалғай алмай келеді. Ол елімізден шыққан тұңғыш, әрі әзірге жалғыз — Олимпиада чемпионы. Бұл жарыста ел намысын 29 спортшы қорғады.
Наганодағы жарысқа 60 атлет жолдама алды. Бұл жолы да қоржынға бірінші жүлдені Владимир Смирнов салды. Артынша, конькимен жүгіруден Людмила Прокашёва да олжалы болды. Ұлттық құрама Олимпиаданы 2 қоламен аяқтады.
2002 жылы өткен Солт-Лейк-Ситидегі Ақ ойындарда сәттілік жетпеді. Ел намысын қорғаған 50 спортшының біреуі де жүлдеге ілікпеді. 2006 жылы Туринге барған 67 спортшы да бос қайтты. Ең үздік көрсеткіші – 6 орын. Шаңғышлар командалық спринтте үздік ондыққа кірді.
Ванкуверде өткен кезекті Олимпиадада бір күміс бұйырды. Оны биатлоншы Еле́на Хрусталёва жеңіп алды. Жарысқа 37 атлет қатысты.
Сочидегі дүбірлі додада қоржынға 1 қола түсті. Жүлдені марқұм мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен сыйлады. Жалпы бәсекеде 58 спортшы ел намысын қорғады.
Пхёнчхандағы Ақ ойындарға 44 спортшы қатысты. Бұл жолы да тек бір жүлде бұйырды. Оны фристайл-могулдан Ю́лия Га́лышева иеленді.
Бейжің. 2022 жыл. Қазақстан намысын қорғаған 34 спортшы да жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Шорт-тректен жекелей сында Абзал Әжғалиев финалға шығып, 4 орын алды. Ал, аралас командалық эстафетада құрама үздік бестікке кірді.
Санаулы күнде Милан және Кортина-д’Ампеццо қаласында жиырма бесінші қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ел намысын 36 спортшы қорғайды. Италиядағы жарыстан жанкүйер жүлде күтеді. Қытайдағы олқылықтың орнын толтырады, деп үміттенеді. Ақ ойындар ақпанның 6-22 аралығында өтеді.
Тағы оқыңыз: Конституция жобасында азаматтардың денсаулық сақтау құқығы сақталады

