Синоптиктер Солтүстік Қазақстан облысында 29 желтоқсан кешінен бастап 1 қаңтарға дейін қолайсыз ауа райы сақталатынын хабарлады. Алдағы күндері қар жауып, боран соғады, көктайғақ пен тұман күтіледі, деп жазады Qazaqstan Media.
30 желтоқсанда облыс аумағында қар жауып, боран мен көктайғақ болады. Батыс және солтүстік аймақтарда тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, түнде солтүстік-шығысқа ауысады. Желдің жылдамдығы 9–14 м/с, кей өңірлерде екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетсе, оңтүстік және шығыс бөліктерде 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Ауа температурасы түнде 5–10, облыстың батысында 13 градус аяз болады.
31 желтоқсанда түнде облыстың солтүстігі мен шығысында қар жауып, боран мен көктайғақ күтіледі. Күндіз де қарлы боран сақталады. Батыс, солтүстік және оңтүстік аймақтарда тұман болады. Жел солтүстік-батыстан соғып, кейін оңтүстікке ауысады. Ауа температурасы түнде 10–15, солтүстікте 18 градус аязға дейін төмендейді. Күндіз 8–13, солтүстікте 16 градус аяз күтіледі.
1 қаңтарда түнде облыстың солтүстігі мен шығысында, күндіз батысы мен солтүстігінде қар жауып, боран соғады. Кей өңірлерде тұман түседі. Жел оңтүстіктен соғып, екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Ауа температурасы түнде 10–15, солтүстікте 18 градус аяз, күндіз 5–10 градус аяз болады.
Мамандар тұрғындарды жолға шыққанда және мерекелік күндері сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Тағы оқыңыз: Тарих пен нумерология түйіскен тұс: 2026 жыл несімен ерекшеленбек?

