Оливье, майлы ет, жарамдылық мерзімі күмәнді үй консервілері және мөлшерден тыс ішілген алкоголь. Дәрігерлер үшін бұл мерекелік мәзір емес, жүздеген жедел шақыртудың себебі. Жаңа жылдық демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем күшейтілген режимде жұмыс істейді. Неліктен бұлай болатынын және мерекелік дастархандар көбіне қандай жағдайларға әкелетінін Qazaqstan Media тілшісіне облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Юрий Белоног айтып берді.

Қаңтардың алғашқы күндерінде 103 арнасына түсетін қоңыраулар саны күрт артады. Кәдімгі жұмыс күндері жедел жәрдем тәулігіне 400-ден астам шақырту қабылдаса, мереке күндері бұл көрсеткіш екі-үш есеге дейін өсуі мүмкін.

«Екі жыл бұрын бізде абсолютті антирекорд болды. Бір тәулікте мыңнан астам шақырту тіркелді. Мұндайды қызметтің ең тәжірибелі ардагерлердің есінде жоқ», — дейді Юрий Белоног.

Қызығы, жаңа жыл түні шақыртулар салыстырмалы түрде аз болады. Негізгі науқастар легі 1–3 қаңтар аралығында басталады. Бұл кезде адамдардың ағзасы той-думанның салдарымен күресе алмай қалады.

«Біз қызметті алдын ала күшейтеміз: қосымша бригадалар шығарамыз, аға дәрігерлердің санын арттырамыз. Шақыртулардың негізгі себептері — тамақ пен алкогольді бақылаусыз тұтыну», — деп түсіндіреді орталық басшысы.

Дәрігерлердің айтуынша, мереке күндері жедел панкреатит, іштің қатты ауыруы, тағамдық және алкогольдік уланулармен түскен науқастар саны күрт көбейеді. Бұған қоса, жарақаттар да аз емес.

«Алкогольдік мас күйдегі адам үйлесімділігін жоғалтып, қауіп-қатерді бағаламайды. Құлау, соғылу, сүйек сынуы — жаңа жыл мерекелерінің классикасы», — дейді Юрий Белоног.

Жаңа жыл кезіндегі ең алаңдататын шақыртулардың бірі — пиротехникадан алған жарақаттар. Дәрігерлердің айтуынша, жыл сайын қаңтардың алғашқы сағаттары мен күндерінде сәтсіз салюттен зардап шеккендерге жедел жәрдем жиі шығады. Көбіне қол мен бет күйіктері, жыртылған жаралар, көз жарақаттары мен есту қабілетінің зақымдануы тіркеледі. Көп жағдайда адамдар фейерверктерді алкогольдік мас күйде іске қосады.

Әсіресе қолдан немесе интернет арқылы сертификатсыз, нұсқаулықсыз сатып алынған пиротехника қауіпті. Мұндай бұйымдар кешігіп іске қосылуы немесе тікелей қолда жарылып кетуі мүмкін. Ең қауіпсіз шешім — пиротехниканы өз бетімен мүлде қолданбау және балаларды оған жақындатпау.

Тағы бір қауіпті фактор — аязда ұзақ уақыт болу. Алкогольдің әсерінен адамдар суықты сезбей, бағдарынан айырылып, тек тоңып қана қоймай, ауыр үсік алуы мүмкін. Дәрігерлерді әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар алаңдатады, ең алдымен жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар.

«Диспансерлік есепте тұрған адамдарға аса сақ болған жөн. Алкоголь, артық тамақтану және күн тәртібінің күрт өзгеруі инфаркт, инсульт және басқа да ауыр асқынуларды қоздыруы мүмкін», — деп атап өтті Жедел жәрдем орталығының директоры.

Сонымен қатар, дәрігерлердің айтуынша, көптеген тұрғындар мереке күндері де емханалар мен фильтр-кабинеттердің жұмыс істейтінін білмейді. Ол жерге жедел жәрдем шақырмай-ақ жүгінуге болады.

«Жаңа жыл — отбасылық, мейірімді мереке. Оны қуанышпен, бірақ шектен шықпай қарсы алу керек. Кейде жағдайды асқындырғаннан гөрі, дер кезінде емханаға жүгінген әлдеқайда қауіпсіз», — деп түйіндеді Юрий Белоног.

Тағы оқыңыз: СҚО-ның үздік медициналық мекемесі анықталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *