2026 жылы елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізіледі. Қаңтардан бастап «Сақтандырылған» мәртебесі 6 ай бойы сақталады. Қазіргі уақытта статус 3 айға жарамды болып есептеледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды. Жергілікті филиалдың басшысы Айнагүл Дәулетшина негізгі жаңашылдықтарға тоқталды.
«2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жарналарды қатарынан кемінде 5 жыл төлеген азаматтардын төлемдерді уақытша тоқтатқан кезде «Сақтандырылған» мәртебесі 6 ай бойы сақталады. Қазіргі уақытта статус 3 айға жарамды болып есептеледі», — «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина.
Мысалға, егер адам осы уақыт ішінде жұмысқа орналасып, жарналарын үнемі төлеп отырса, бірақ жұмысынан және табысынан айырылса, оған жүйе аясында медициналық қызметтер көрсетілетін болады. Дегенмен, осы өткізіп алған айлар үшін қарызды өтеу қажет болады.
«Күндізгі бөлімде оқитын студенттерге, оның ішінде шетелде оқитындарға қатысты сұрақтар көп түседі. Олар жеңілдік санатқа жатқызылған. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. МӘМС бойынша кеңес алу үшін 1414 Call-орталығына немесе Қордың филиалына 55-51-64 телефоны бойынша хабарласуға болады», — деді спикер.
Қазіргі уақытта облыста сақтандырылмағандар саны 89 976 адамды құрайды. Оның ішіндегі 31 359 тұлға халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Президенттік шырша өтті

