Петропавл қаласында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындармен өткен кездесу барысында мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.

Жуырда қалада жаңа мұз аренасы өз есігін айқара ашты. Халықаралық стандарттарға сай салынған нысанда 400 метрлік конькимен сырғанау жолы, екі хоккей корты және кёрлингке арналған алаңдар қарастырылған. Сонымен қатар спорт кешенінде 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні, жекпе-жек түрлеріне, көркем гимнастикаға арналған залдар, волейбол, баскетбол және фитнес залдары бар.

«Бұл нысандар — тек спорт ғимараттары емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орта. Мұнда халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге толық мүмкіндік бар», — деді қала әкімі.

Серік Мұхамедиевтің айтуынша, спорт саласындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қалада жаңа ірі жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, Қизатов көшесінде бес мың көрерменге арналған әмбебап спорт аренасын салу жоспарланып отыр. Онда көркем гимнастика, конькимен сырғанау спорты, шығыс жекпе-жектерімен қатар баскетбол және волейбол залдары орналасады.

Сонымен бірге Береке шағынауданында бес  мың орындық футбол аренасы бой көтермек. Жобада екі жабық және бір ашық футбол алаңы, кәсіби футбол академиясы, спортшыларға арналған жатақхана, фуд-аллея және демалыс аймақтары қарастырылған.

«Біздің мақсат — балалар мен жастардың спортпен кәсіби деңгейде айналысуына толық жағдай жасау. Заманауи инфрақұрылым — сапалы нәтижеге бастайтын басты қадам», — деді қала басшысы.

Кездесу барысында тағы бір маңызды жоба — Пестрое көлі маңындағы Триатлон паркі таныстырылды. Ұзындығы 6,1 шақырымнан асатын паркке жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жергілікті жерге бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бес функционалды аймақтан тұрады.

Ивент-зонада 2000 көрерменге арналған сахна мен трибуналар салынып, жағалау табиғи таспен бекітіледі. Парктік аймақта тірі қоршаудан лабиринт жасалса, жағажай аумағында көпдеңгейлі пирс, инсталляциялар, жүгіру және велосипед жолдары орналастырылады. Релакс аймақта балалар және спорт алаңдары, ашық аспан астындағы амфитеатр салынбақ. Ал триатлон аймағында суға арнайы шығу жолы, велосипед және жаяу жүргінші жолдары қарастырылады.

Қала әкімі атап өткендей, бұл жобалар Петропавлды спорт пен салауатты өмір салтын ұстанатын заманауи қалаға айналдыруға бағытталған.

Тағы оқыңыз: Өңірдегі ғылыми жобаларды қолдау мәселесі әкімдік отырысында қаралды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *