Петропавлдың басты алаңында тюбингтерді қала тұрғындарына тегін беру жоспарланып отыр. Алайда қалалық сырғанақтардың тазалануы мен күтіп-ұсталуы әлі де өзекті мәселе күйінде қалуда. Ашық есік күні аясында өткен кездесуде кәсіпкер Сергей Калимбет бұл мәселені көпшілік алдында көтерді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сергей Калимбет – қала өміріне белсенді араласып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Ол бірнеше жылдан бері тұрғындардың бос уақытын ұйымдастырып келеді: сырғанақтар орнатып, тюбингтерді жалға береді. Кәсіпкердің айтуынша, ол тәртіп пен қауіпсіздікті де өз күшімен қамтамасыз етіп жүр. Яғни, негізінде қалалық қызмет ретінде жұмыс істеуі тиіс істі жеке өзі атқарып отыр.
«Конституция көшесінің бойында сауда павильондары орналасқан. Сол аумаққа тюбингтерді жалға беру орнын қоюға мүмкіндік бар ма?» – деп кәсіпкер қала әкімі Серік Мұхамедиевке сауал қойды.
Қала басшысы мұндай мәселелер комиссиялық түрде қаралатынын, бұл салада жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлердің саны көп екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Конституция көшесінде тюбинг прокатын орналастыру жоспарда жоқ екенін нақтылады.
Әңгіме барысында кәсіпкер қалалық сырғанақтардың жағдайына да назар аударды. Оның айтуынша, сырғанақтар жыл сайын орнатылғанымен, оларды әрі қарай күтіп-ұстау көбіне жауапты мекемесіз қалады. Ал тазалау мен күтім жұмыстарының барлығын кәсіпкерлер өз мойнына алуға мәжбүр.
Сөзін дәлелдеу үшін Сергей Калимбет Пестрое көлі маңында жаңадан орнатылған, бірақ қар басып қалған сырғанақтардың фотосуреттерін көрсетті. Ол бұл нысандарды ресми түрде сүйемелдеудің нақты тәртібін енгізуді ұсынды.
Қала әкімі талқылауға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі Айдын Макеновты шақырып, сырғанақтардың қазіргі жағдайы туралы сұрады. Алайда сол сәтте нақты жауап берілген жоқ.
«Біз олардың жағдайын бақылауға, тазалап, тәртіпті қамтамасыз етуге дайынбыз. Тек мұны заңды әрі дұрыс жолмен қалай рәсімдеуге болатынын айтып беріңіздер», – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол қала тұрғындарына арналған қызмет түрін кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Мәселен, ыстық шай ұйымдастыруды да қолға алуға болады. Серік Мұхамедиев бұл бағыттағы мәселелер орынбасары Қалия Төренова қарайтынын айтты. Кәсіпкерлер мен тұрғындардан мұндай ұсыныстар жиі түсетінін, сондықтан оларды пысықтау тапсырылғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, қала әкімі биыл басты алаңда ең үлкен сырғанақ орнату жоспарланып отырғанын хабарлады. Осыған байланысты кәсіпкер тюбинг прокатын өркениетті түрде ұйымдастыру мүмкіндігін сұрап, тәртіп пен жайлылықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Басты алаңда шамамен 10 тюбингті жеткізуші тарапынан тегін беру жоспарланып отыр», – деді Серік Мұхамедиев.
Қала әкімдігінде кәсіпкердің ұсыныстары қаралатыны айтылды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда көпбалалы анаға Заречный кентінен уақытша баспана беріледі

