Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдерінің тілшілер алдындағы есептік кездесулері басталды. Ең алдымен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына Айыртау ауданының басшысы Мейрам Меңдібаев төбе көрсетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мейрам Меңдібаев өзі жетекшілік етіп отырған аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баян етті. Аталмыш ауданның топырағы құнарлы. Тиісінше, биыл диқандары да көл-көсір астық жинаған.

«Биыл диқандарымыз 372 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Қажырлы еңбек пен ауа райының қолайлы болуының нәтижесінде 524 мың тонна өнім алдық. Орташа шығымдылық — 20,4 центнер. Күзде толағай табысқа жету үшін 30 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 140-тан астам су жаңа техника сатып алынды», — деді аудан әкімі Мейрам Меңдібаев.

Айыртау ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтитын сорғы станциясы іске қосылды. Маңызды іске 5,5 млрд теңге жұмсалған. Ұзындығы 12 шақырымнан асатын 6 автокөлік жолы жөндеу көрді. Сонымен қатар, аталған аймақта мал шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінген.

«Ауданда 7 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Оның үшеуі жаңа. Сонымен қатар, малдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 2 мал сою нысаны ашылды», — деді аудан әкімі.

 

Сал-серілер мекенінде инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл Кутузовка ауылында құрғақ саумал өндіретін кәсіпорын қолданысқа берілді. Құны 3 млрд теңгеден асып жығылады. Нысан 400 басқа шақталған.
Сонымен қатар, Елецкое елді мекенінде жылдық қуаттылығы 35 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасы салынуда. Инвестициялық жобаға 6 млрд теңге бағытталды.

«Жыл басынан бері ауданда 1695 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 91 пайызын құрайды. 180 адам уақытша жұмыстарға орналастырылды», — Мейрам Меңдібаев.

Саумалкөл ауылының шетінде бірнеше көпқабатты баспана қаңырап бос тұр. Мейрам Жақсылықұлының сөзінше, бұл мәселе жоспарға сай шешіліп жатыр. Алдағы уақытта ғимараттар жөнделіп, үй кезегінде тұрған жандар мен қоныс аударушыларға беріледі.

«Аталған көпқабатты үйлерде 900-ден астам пәтер бар. Оның 200-ге жуығын сатып алдық», — деп қысқа қайырды спикер.

Айыртау десе тұмса табиғат еске түседі. Обылста турист ең көп келетін аудан. Бірақ, мұндағы кейбір демалыс орындарында құтқару бекеті жоқ.

«Жақын арада Шалқар көлінің маңында екі құтқару бекеті ашылады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда», — деді атқамінер

Биыл ауданға 120 мыңнан астам турист келген. Бұл былтырғы жылға қарағанда 20 мың адамға көп. Аталған көрсеткішті одан әрі ұлғайту мақсатында 5 жоба жүзеге асырылмақ.

Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда 56 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *