Солтүстік Қазақстан облысында тұмауға қарсы иммундау науқаны белсенді жүріп жатыр. Кампания 23 қыркүйектен басталған. Биыл өңірге ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы жеткізілді, Qazaqstan Media.
Тұмау қарсы екпе қауіп тобына кіретін азаматтарға тегін жасалады. Оған медицина қызметкерлері; балалар және қарттар үйлерінің тұрғындары, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар және 65 жастан асқан адамдар кіреді.
Қазірдің өзінде облыс бойынша 56 183 адам, оның ішінде 6 801 бала және 49 382 ересек азамат вакцина алды.
Дәрігерлердің айтуынша, вакцинация ағзаның тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы қорғаныс қабілетін арттырады. Екпе салдырған адамдардың ауруға шалдығу қаупі төмендейді, ал сырқаттанған жағдайда дерт жеңіл өтеді.
Эпидемиялық маусым басталғалы облыста ЖРВИ жұқтырудың 11 217 жағдай тіркелген. Оның ішінде 68,8%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Тек соңғы аптада 2 154 адам сырқаттанған.
Дәрігерлер тұрғындарды аурудың алғашқы белгілерінде өз бетімен емделмей, дәрігерге жүгінуге және науқас баланы мектепке не балабақшаға жібермеуге шақырады.
Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылы ішімдіктен бас тартты

