Петропавлдық «Қызыл-Жар» футбол клубы жекенің иелігіне өтті. Маңызды келісімге қол қойылды. Енді клубтың иесі — олигарх Сергей Кан. Сонымен қатар, «Қарасай» стадионы аталмыш клубтың сенімгерлік басқаруына берілмек, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Спорт клубтарын жекешелендіру- бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. «Қызыл-Жардың» инвесторы болып кәсіпкер Сергей Кан анықталды. Басқаруды тиімді жаңғырту мақсатында ол «QYZYLJAR» футбол клубы жеке мекемесін тіркеді.
Келісімге сәйкес, ол ҚФФ, FIFA және UEFA ұйымдастыратын жарыстарға қатысу құқығын, спорттық брендті, инфрақұрылымды және барлық зияткерлік меншік нысандарын қабылдап алды. Команда бұдан былай да қызыл-қара түстерде өнер көрсетуді жалғастырады.
Сонымен қатар клубтың бұрынғы иесі барлық құқықтар берілгеннен кейін туындауы мүмкін заңды істер бойынша жауапкершілікті өз мойнына алады.
Жергілікті әкімдік пен жаңа инвестор бірлесіп клубты қаржыландыру туралы уағдаластыққа келді. Сондай-ақ команда үшін жаңа спорттық база салу жоспарда бар. Ол футболшыларға жайлы тұрғын үй жағдайын және толыққанды дайындық процесін қамтамасыз етпек.

Бұған қоса, Петропавлдағы «Қарасай» стадионын клубтың сенімгерлік басқаруына беру көзделуде. Қазір уәкілетті органдармен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл шешім спорт инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, үй матчтары мен оқу-жаттығу жиындарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Клубтың бас менеджері қызметіне тәжірибелі маман Әлішер Апсалямов тағайындалды. Ол бұған дейін «Sarajevo» (Босния және Герцеговина), «Cardiff City» (Ұлыбритания, Уэльс), «Қайрат», «Каспий», «Атырау» және «Тобыл» клубтарында жұмыс істеген.
«Жақын арада команда Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бір жарым ай ішінде жаңа маусымға арналған құрам жасақталады. Біз қазақстандық және халықаралық нарықты мұқият зерделеп, футболшыларды сапалы іріктеуден өткіземіз», — дедіӘлішер Апсалямов.
«QYZYLJAR» футбол клубы — Қазақстанда жекешелендіру процесін сәтті жүзеге асырған алғашқы командалардың бірі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ветеринарлар жалған анықтама берген

