Петропавлда жетінші қараша күні петропавлдық өрт сөндірушілер үшін сынаққа толы болды. Екі сағат ішінде сауда бутигі мен жеке кәсіпкерліктегі күзетші отыратын нысан бірінен соң бірі отқа оранды, деп жазады Qazaqstan Media.
Өрт сөндірушілерге алдымен жеке кәсіпкерлік аумағындағы от туралы хабарлама түскен. 3-ші Сенная көшесіндегі күзетші нысанының аумағы шағын болғанымен ол қоймаға жапсарлас салынған екен. Сондықтан тілсіз жау бірден қойманың төбесіне де тараған. Екі сағат отпен күрескен мамандар, өртті толық сөндірді. Бұл жұмысқа 38 құтқарушы, 13 техника жұмылдырылыпты.

Дәл осыдан кейін, сағат 12-ден 10 минут кеткенде Интернационал-Астана көшелерінің қиылысындағы сауда бутигі өртке оранады.

«От шамамен 18 шаршы метр аумақты шарпыды. Бір сағат ішінде от ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл жерде 13 маман, үш техника жұмыс істеді»- деп жауап берді СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
От шыққан сауда нүктесінің қасындағы бутиктерге де жалын тиген. Екі оқиға да оттың шығу себептері анықталып жатыр.
Тағы оқыңыз: Реформалардың мәні – 4: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт

