Петропавлда «Мамандықтар калейдоскопы» атты байқау ұйымдастырылды
Петропавлда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқау өтті. «Мамандықтар калейдоскопы» атауы берілген сайысқа 7 мен 14 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Басты талап — мамандықтарды креативті түрде көрсету. Түрлі қызметтік киімдегі балалар ән айтып, би билеп, әртүрлі мамандықтарға қатысты өлеңдер оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай қыздардан құралған «Көңілді аспаздар» тобы байқауға бір жетідей дайындалған. Балғындар бас жүлдені жеңіп аламыз деген үмітте.
Петропавлда «Мамандықтар калейдоскопы» атты байқау ұйымдастырылды
«Біз аспаз мамандығына қатысты өлең және ән әзірледік. Қыздармен сайысқа жақсы дайындалдық. Еңбегіміз зая кетпейді деген ойдамыз. Үйде анаммен бірге тамақ пісіргенді жақсы көремін. Тәтті тоқаш, құймақ дайындаймыз. Басқа да тағам түрлерін әзірлеуді үйренгім келеді», — деді байқауға қатысушы София Посохова.
Шара өте қызықты әрі тәрбиелік тұрғыда маңызға ие болды. Қатысушылар белсенділік танытып, армандарымен де бөлісті. Бұл байқаудың мақсаты- балаларға мамандықтарды таныстыру, еңбекті құрметтеуге үйрету.
Петропавлда «Мамандықтар калейдоскопы» атты байқау ұйымдастырылды
«Конкурсқа 14 команда қатысуда. Бір топта бес-алты адам болуы қажет. Балалардың сыни ойлауына, ерекше өнеріне назар аударамыз. Шара арқылы ұл-қыздарға түрлі мамандықтың қыр-сырын түсіндіргіміз келеді. Қазіргі күннен жұмысты, мамандық түрлерін білсе, болашақта алдарына мақсат қоя алады», — деді қазылар алқасының мүшесі Дамир Әбдин.