Солтүстік Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетілді. «Баланы мектепке дайындайық» дәстүрлі акциясы аясында 33 бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді, деп жазады Qazaqstan Media.
Игі шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен партияның белсенді мүшелері атсалысты. Олар балаларға арнайы жиынтықтар дайындап, әрқайсысына рюкзак, дәптер, қалам, қарындаш, сызғыш, бояу, пенал, пластилин және басқа да мектепке қажетті заттарды өз қолдарымен табыстады. Бұдан бөлек, киім-кешек алуға арналған сертификаттар да ұсынылды. Жалпы жиналған көмек құны 700 мың теңгеден асты.
Көмек алғандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі балалар, жалғызбасты аналар мен әкелер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бар. Олар барлық қажеттіліктерін «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдауға жүгіну арқылы білдірген. Кім не қажет екенін нақты айтып, соған сай көмек берілді.

«Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету – біздің басты жұмыс бағыттарымыздың бірі. Жаңа оқу жылына дайындық кез келген отбасы үшін үлкен шығын екені белгілі. Сондықтан біз әр баланың мектепке сенімді әрі толық дайындықпен баруына жағдай жасауды көздедік. Алда келе жатқан оқу жылы жемісті, қызықты, әрі табысты болсын», – деді «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары Болат Данияров.
«Баланы мектепке дайындайық» акциясы – «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында 2010 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылар мен әлеуметтік мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмектесу.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан республикалық маңызы бар автожолдарда 15 адам қаза тапты