Сәтсіз маусымнан кейін «Құлагер» ХК-ның құрамы 60 пайызға жаңарған
Петропавлдық «Құлагер» хоккей клубы жаңа маусымға тыңғылықты дайындалып жатыр. Айта кету керек, былтырғы сәтсіздіктен кейін құрам 60 пайызға жаңарған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жергілікті хоккейшілер оқу-жаттығу жиынын шілденің 1-і күні бастапты. Құрама алдымен тренажерлық залда жаттыққан. Онда спортшылар физикалық дайындықтарын пысықтады. Ал бүгін мұз айдынына шығып отыр.
«Құлагер» жаңа маусымға жаңа жаттықтырушымен қадам басатынын айта кеткен жөн. Клубты хоккейсүйер қауымға жақсы таныс Андрей Спиридонов тізгіндеді. Маман бұған дейін қазақстандық бірнеше ұжымды баптаған.
«Чемпионат пен Кубоктағы әр матчта жеңіске жетуді мақсат етіп отырмыз. Ойыншылар жаңа маусымға сақадай сай. Аптаның алты күндік жаттығу жасаймыз. Тек жексенбі демаламыз. Қазір шәкірттерңме аса күш салмайтын дайындық жұмыстары жүргізілуде. Себеді, бір аптадан кейін ел Кубогы аясындағы ойындар басталады. Спортшылар жарақат алып қалуы мүмкін», деді «Құлагер» ХК бас жаттықтырушысы Андрей Спиридонов.
Биыл жергілікті клубтың намысын 27 хоккейші қорғайды. Оның бесеуі легионер. Теріскейлік ұжым оқу-жаттығу жиыны аясында бір матч өткізген. Көкшетауға қонаққа барып, жергілікті «Арлан» хоккей клубынан 5 те 3 есебімен басым түсіпті.
Сәтсіз маусымнан кейін «Құлагер» ХК-ның құрамы 60 пайызға жаңарған
«Хоккеймен айналысып жүргеніме 16 жыл болды. «Құлагер» сапында екі жылдан бері ойнаймын. Жаңа бапкердің тактикаларына үйренісіп кеттік. Чемпионатты жанкүйерлерге қуаныш сыйлау үшін бар күшімізді саламыз»,- деді «Құлагер» ХК шабуылшысы Батыр Марқабаев.
Құлагерліктер тамыздың 22-сі күні Қазақстан Кубогындағы ойынын бастайды. Дүбірлі дода Өскемен қаласында өтеді. Ал чемпионат болса қыркүйектің 7-сі күні бастау алады.