Табиғи монополияларды реттеу комитеті есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылу қызметінің құнын қайта есептеу жұмысын аяқтады. Qazaqstan Media хабарлауынша, заң бойынша табиғи монополия субъектілері көшедегі нақты ауа температурасына байланысты төлемдерді түзетуге міндетті.
Қайта есептеудің нәтижесінде қазақстандықтарға шамамен 1,6 млрд теңге қайтарылады. Әр тұтынушыға тиесілі қаражат түбіртекте «аванс» ретінде бөлек жолмен көрсетіледі. Бұл қайтарым жаңа жылыту маусымында немесе осы жылдың соңына дейін жүргізіледі.
Ең көп қайтарым алатын өңір — Қарағанды облысы, мұнда тұтынушыларға 457 млн теңге қайтарады.
Ең аз қайтарым Жетісу облысында — тек 30 мың теңге ғана қайтарылады.
Осы қомақты сома қанша абонентке бөлінетіні әзірге белгісіз. Қайтарылатын қаражат көлемі бойынша 18 өңірдің ішінде алтыншы орында — Солтүстік Қазақстан облысы. Мұнда 74,8 млн теңге қайтарылады.
Ал Шымкент қаласы мен Ұлытау облысында қайта есептеу жүргізілмейді. Бұл аймақтарда жылу тарифі бастапқыда нақты ауа райы жағдайын ескере отырып жасалған.
Астаналықтарға бұл жағдайда қызыға қарауға болады. Себебі елордада жылу төлемі әр ай сайын қайта есептеледі, бұл температура өзгерісін нақты ескеруге және нақты тұтынған жылу көлемін көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Астанада тұтынушыларға 224,5 млн теңге қайтарылады.
Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu ұлттық мессенджеріне көшуі тиіс