Жүз күн: уәде мен жоспар

Мереке Мұхамедияров Есіл ауданының әкімі болып былтыр қараша айында сайланған болатын. Содан бері тура 100 күн өтті. Сайланған күннен бастап аудан басшысы тұрғындармен 26 кездесу өткізген. Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында түскен 112 сауалдың  98-і шешімін тапты, деп жазады Qazaqstan Media.

Мереке Мұхамедияровтың Есіл ауданында әкім болып сайланғанына үш айдан астам уақыт болды. Осы аралықта оның бастамасымен үш ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Елді мекендердегі әлеуметтік нысандар қалыпқа келтірілген. Айтар болсақ, Асқар Игібаев атындағы орта мектеп жанындағы интернат күрделі жөндеуден өтсе, Явленка ауылындағы аудандық мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Амангелді ауылында бос уақыт өткізуге арналған орталық іске қосылды, ал Ивано-Петровка ауылындағы дәл осындай нысанды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.

Явленка және Покровка ауылдарының ішіне автобус жіберу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан еді. Жуық арада бұл проблема да шешімін таппақ.

«Облыстық бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Ол аудандағы барлық салаларға бөлінеді: жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, таза ауыз сумен қамту және тағы да басқа да бағыттар. Мәселен, аудан орталығындағы 10 көшеге асфальт төсеу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. 2023 жылы Явленка ауылының оңтүстік бөлігіндегі, ұзындығы 4 шақырым болатын кей көшелерге қиыршық тас төселді. Оған 31,5 млн теңгеге жуық қаражат бағытталды», – деп мәлімдеді Мереке Мұхамедияров.

Ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстары да қолға алынған. Айтар болсақ, аудан орталығының кіре берісіне қосымша 40 шам орнатылған. Бұдан басқа, Явленка ауылының жанынан өтетін «Петропавл – Жезқазған» республикалық тас жолының бойына да шамдарды орнату бойынша құжаттар дайындалып жатыр.

Былтыр желтоқсан айында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Явленка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені өз жұмысын бастады.

Онда күніне 140 адам шыныға алады. Ал биыл ауылдағы стадионды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.

«Аудандағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты назарда. Ол үшін тәртіп сақшыларымен бірлесе жұмыс істеп келеміз. 2023 жылы аудандық полиция бөліміне 4,2 млн теңгеге 15 кеудеге тағылатын бейнетіркегіштер сатып алынды. Сондай-ақ жалпы сомасы 21 млн 100 мың теңгеге 84 бейнекамера сатып алынып, орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Ол тек материалдық-техникалық базаны нығайтуға ғана емес, сонымен қатар аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірлескен профилактикалық іс-шараларды жүргізуге де ықпал ететін болады», – дейді аудан әкімі.

Білікті басшы алдағы уақытқа да ауқымды жоспарлар құрып қойған. Айталық, келешекте ауданда ауыл шаруашылығы саласында 16,5 млрд теңгенің төрт жобасы жүзеге асырылмақ. Солардың ең ірісі – «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы. Жоба құны – 11,7 млрд теңгені құрайды. Мұнда жылына 7500 тонна сүт өндірілмек. Тағы 60 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ферма биыл күзде іске қосылмақ.

Ал екінші дәл осындай ферма Торанғұл ауылында ашылады. Оны «Азия-Торанғұл» ЖШС салып жатыр. 800 сиырға арналған сүт-тауарлы фермаға Австрия мен Германиядан симментал тұқымды 502 ірі қара мал жеткізіледі.  Жұмыстарды наурыз айында аяқтау жоспарлануда.

«Сонымен қатар ауданда тамшылап суару жүйесін енгізе отыра жемшөп дақылдарын өсіру,  астықты сақтап, кептіру қоймасын салу сынды ірі жобалар қолға алынды. Сондай-ақ биыл кәсіпкерлік бағытында сомасы төрт млрд теңгеге тағы екі жобаны іске асыру жоспарланған.  Ол үш млрд теңгеге жел генераторларын салу және бір млрд теңгеге асфальтбетон зауытын салу», – деп жоспарларымен бөлісті Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров.

Тағы оқыңыз: Петропавл тұрғыны алаяқтарға сеніп 5 млн теңгесінен айырылды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x