Солтүстік Қазақстан облысында дәндік жүгері егістігі биыл айтарлықтай ұлғайды. Егер өткен жылы бұл дақыл 6 мың гектарға егілсе, биыл оның көлемі 15 мың гектарға жетті. Ал, Уәлиханов ауданында жаңа жоба қолға алынған. Мұнда Қытайдың Taihua Modern Agriculture Operation Management Co., Ltd. компаниясының технологиясы бойынша жүгері өсіріліп жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Жүгері мал азығы үшін өте маңызды дақыл саналады. Ол малдың тез салмақ қосуына, сүттің молаюына және жем-шөп шығынын азайтуға көмектеседі. Сондықтан облыста мал шаруашылығын дамыту үшін жүгері алқаптарын көбейтуге басымдық беріліп отыр.
Уәлиханов ауданында жаңа жоба қолға алынған. Мұнда Қытайдың Taihua Modern Agriculture Operation Management Co., Ltd. компаниясының технологиясы бойынша жүгері өсіріліп жатыр. Биыл жоба 200 гектар жерде жүзеге асырылуда. Келесі жылы бұл алқапты 1 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.
Биыл жауын-шашын аз болғанына қарамастан, жүгері жақсы өсіп келеді. Мамандардың алдын ала есебіне сәйкес, әр гектардан шамамен 5 тоннаға дейін өнім алу күтіледі. Бұл Солтүстік Қазақстанның табиғи жағдайы үшін жақсы нәтиже. Жобаның қорытындысы бойынша бұл технологияны облыстың басқа аудандарында да қолдану мәселесі қаралады.
Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл мал азығын көбейтіп, ет пен сүт өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: 65 жастан асқан жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден өтеді

