Петропавлда 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық балуан бозкілемде бақ сынап, ел чемпиондары атағы үшін белдесуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биылғы біріншілікке Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан спортшылар қатысуда. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында 17 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Чемпионаттың басты мақсаты – ұлттық спортты дамыту. Жас балуандардың шеберлігін шыңдау және халықаралық жарыстарға қатысатын үздіктерді анықтау.

Жарыстың алғашқы күнінде облыс қоржынына маңызды жеңіс түсті. +100 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Әділет Мырзаш чемпион атанып, бас жүлдені иеленді.

«Қызылжар арландары» клубының директоры Алтынбек Аусағитовтың айтуынша, мұндай деңгейдегі республикалық жарыс өңірде соңғы рет 2018 жылы ұйымдастырылған.
«Жарысқа 500-ге жуық палуан қатысуда. Соңғы рет мұндай жарыс облыста 2018 жылы өткен еді. Чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл додада жеңіске жеткен балуандар Азия чемпионатына жолдама алады», – деді Алтынбек Аусағитов.
Чемпионатта ерлермен қатар қыздар да өзара мықтыны анықтауда. Әйелдер арасындағы тартысты белдесулердің бірінде Атырау облысының спортшысы Фатима Серікбаева 65 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.

«Үш белдесу өткіздім. Қола жүлдеге қол жеткіздім. Сайыс өте мықты болды, қарсыластар да осал емес. Мен 65 келі салмақ дәрежесінде белдестім», – деді Фатима Серікбаева.
Қазақстан чемпионаты 24 шілдеге дейін жалғасады. Алдағы күндері қалған салмақ дәрежелеріндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Қытай технологиясы бойынша жүгері өсіру жобасы басталды

