25 тамыздан бастап Қазақстанда көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатудың жаңа тәртібі енгізіледі. Жаңа талаптар 65 жастан асқан жүргізушілерге, мүгедектігі бар азаматтарға және мас күйде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық ісі белгілі бір негіздермен тоқтатылған адамдарға қатысты болады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жаңа тәртіпке сәйкес, 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер мерзімді медициналық тексеруден өтіп, оның қорытындысы жол жүрісі саласындағы цифрлық жүйеге енгізілуі тиіс. Егер жүйеде жүргізушінің көлік басқаруға жарамдылығы туралы мәлімет болмаса, оның көлік құралын басқару құқығы уақытша тоқтатылады.
Жүргізуші медициналық тексеруден өтіп, тиісті қорытынды цифрлық жүйеге енгізілгеннен кейін көлік жүргізу құқығы қайта қалпына келтіріледі.
Сонымен қатар, мас күйде көлік жүргізуге байланысты қылмыстық ісі айыптау үкімінсіз тоқтатылған азаматтар да жүргізуші куәлігін сақтап қала алмайды. Мұндай жағдайда көлік басқару құқығын тоқтату туралы шешім заңды күшіне енген сот қаулысы негізінде қабылданады және қосымша сот шешімі талап етілмейді.
Бұл санаттағы жүргізушілер көлік басқару құқығын сегіз жылдан кейін ғана қайтара алады. Ол үшін міндетті медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруы қажет. Жаңа өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілердің денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға бағытталған.
Тағы оқыңыз: Имантау көлінде аударылған қайықтан әйел құтқарылды

