Өңір полицейлері астаналық келіншектен жарты келі синтетикалық есірткі тәркіледі. Елорда тұрғыны Петропавл қаласында уақытша тұрған екен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2023 жылдың желтоқсан айында Набережная көшесінде кетіп бара жатқан «Hyundai Elantra» автокөлігін тоқтатқан. Көлік салонында Астана қаласының ешқайда жұмыс істемейтін 43 жастағы тұрғыны отырған. Оны тексеру барысында 80 түйіншек тәркіленген. Сараптама алынған заттың «мефедрон» екенін көрсетті. Күдікті әйелдің тұрғылықты мекенжайынан да есірткі мен буып-түю құралдары табылған. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 0,5 кг-дан асты. Оның 247,8 грамы – мефедрон және 322,36 грамы α-PvP есірткісі екені анықталды.
«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел уәкілдердің ақпараты бойынша, интернет-дүкендегі кураторлары күдіктіні «буып-түюші» ретінде Петропавл қаласына жіберген. Әйел екі ай жұмыс істеп келген. Алынған есірткі партиясы облыста тәркіленген ең ірі синтетикалық есірткі партияларының бірі», — дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Тағы оқыңыз:СҚО прокурорлары инвесторға көмек көрсетті