СҚО мектептерінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған сабақтар қағаз жүзінде ғана өткізіледі

Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері есірткі қылмысының 191 фактісі тіркелген. Заңсыз айналымнан 573 келі түрлі психоактивті заттар мен есірткі тәркіленді. Мұны облыс орталығында барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен жиында өңір жетекшісінің орынбасары айтты. Ол сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу үшін қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын баяндады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Бүгінгі күні облыста есірткіге тәуелді 500-ге жуық азамат есепте тұр. Оның үшеуі кәмелетке толмаған бала.

«Есірткі қылмыстарының саны Айыртау ауданы мен Петропавл қаласында өскен. Есіл, Аққайың және Тайынша аудандарында да жағдай оңалмай тұр. Бір қуантарлығы М. Жұмабаев ауданында осы санаттағы қылмыстар саны азайған. Былтыр 12 факті тіркелсе, биыл екі жағдай анықталды. Біздер құқық қорғау органдарымен алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 70-ге жуық шара өткізілді. Оған жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер тартылды. Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз», — деді СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

СҚО мектептерінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған сабақтар қағаз жүзінде ғана өткізіледі

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары ата-аналар таранынан да қолдау болса деген тілегін білдірді. Өйткені, олар балаларын дұрыс қадағаламайтын көрінеді. Әсіресе, есепте тұрған кей жасөспірімдер мүлдем бақылаусыз қалған. Бұл балалар арасында жасалатын есірткі қылмыстары санының артуына алып келген. Осыны ескерген министрлік мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске қосты. Оған сай әр апта сайын мектептерде сынып сағаттары өтіп, онда қауіпсіздік және нашақорлықтың алдын алу мәселелері қаузалуы тиіс еді. Бірақ бұл шараның да есеп үшін, яғни қағаз жүзінде ғана өтетіндігі анықталды.

«Осыны ескере отыра енді аудан әкімдерінің рейтингін жасауды көздеп отырмыз. Ол әр түрлі индикаторлардан құралатын болады. Яғни, біздер тұрғындар арасында сауалнама жүргіземіз. Және статистикалық мәліметтер үнемі салыстырылып отырады. Бұл халық арасында есірткі қылмысымен күрес, алдын алу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын анықтау үшін қажет», — деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.

Тағы оқыңыз: СҚО-да тұрғындар саны 10-ға да жетпейтін 45 ауыл бар

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *