Қазақстанда дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін даярлау енді өңірлердің нақты қажеттілігіне қарай жоспарланады. Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты жаңа қағидалардың жобасын әзірледі, деп жазады Qazaqstan Media.
Жаңа құжатқа сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарына бөлінетін білім гранттары мен қабылдау орындарының саны әр өңірдегі кадрлық сұраныс негізінде айқындалады. Яғни қай облысқа қанша дәрігер, мейіргер немесе басқа да медицина мамандары қажет екені алдын ала есептеліп, соған сәйкес мамандар даярланады.
Министрліктің мәліметінше, бұл тәсіл денсаулық сақтау саласындағы кадрларға деген қажеттілікті нақты болжауға, сұраныс жоғары мамандықтарды анықтауға және дәрігер жетіспейтін өңірлерді қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа қағидалардың негізгі мақсаты – медицина кадрларын даярлауды бірыңғай жүйе арқылы жоспарлау. Нәтижесінде жоғары оқу орындары мен медициналық колледждерде дайындалатын түлектер саны денсаулық сақтау саласының нақты сұранысына сәйкес қалыптасады.
Кадрларға деген қажеттілікті есептеу барысында өңірдегі халық саны, сырқаттанушылық деңгейі, медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілу көрсеткіші, ауруханалар мен емханалар желісінің дамуы, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің даму болжамы ескерілетін болады.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлері Түркияда халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні ұстады

